1. Главная
  2. Новости
  3. Кереку өңіріндегі түркі дәуірінің остеологиялық материалдары зерттелді

Кереку өңіріндегі түркі дәуірінің остеологиялық материалдары зерттелді
12 Мар 2024

Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты Зооархеология зертханасының меңгерушісі, ғылыми қызметкер Мәмбет Шағырбаев 2024 жылдың 18 ақпан – 03 наурыз аралығында BR 18574223 «Тарихи-мәдени үдерістер контекстіндегі Солтүстік Қазақстан: тас дәуірінен этнографиялық кезеңге дейін» атты бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жобасы аясында Павлодар педагогикалық университеті Margulan Centre қорында жинақталған остеологиялық коллекцияны зерттеу мақсатында ғылыми іс-сапарға барды. 

Археозоологиялық коллекцияны зерттеу барысында Павлодар өңіріндегі ортағасырлық ғұрыптық жерлеулерден табылған жылқы қаңқалары мен қойдың қаңқа элементтері талданды. Зерттеудің алдын-ала қорытындыларына сәйкес жерлеу ғұрпына әртүрлі жастағы және тек аталық жылқылар пайдаланылған. Ересек жылқы қаңқаларының білік және шеткі қаңқаларында түрлі патологиялық белгілер анықталып отыр. Бір жылқы қаңқасының күрек тісін (І) арнайы кесіп, дентин мен цементтегі «қысқы жыл сақиналарын» зерттеу нәтижесінде, жерлеу ғұрпының көктемнің соңы мен жаздың басында орын алғаны белгілі болды. Алдағы уақытта қол жеткізілген морфометриялық зерттеу нәтижелері сараланып, жерленген жылқылардың экстерьерлік сипаты туралы ақпараттар алынады деп күтілуде.

Сондай-ақ, іс-сапар аясында Мәмбет Шағырбаев Margulan Centre қызметкерлеріне және Павлодар педагогикалық университетінің тарих мамандығы бойынша оқып жатқан студенттерге "Археозоологиялық зерттеулердің негіздері" тақырыбында практикалық ғылыми семинар өткізді. Семинар барысында қазба жұмыстары нәтижесінде табылған остеологиялық материалдарды далалық және зертханалық жағдайда өндеу бойынша шеберлік сағатын өткізді.