1. Главная
  2. Жаңалықтар
  3. Марғұлан оқулары – 2024

Марғұлан оқулары – 2024
22 Мам 2024

Баспасөз хабарламасы

2024 жылдың 23-25 мамыр аралығында ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мен Ә.Х. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті бірлесе отырып, академик Ә.Х. Марғұланның 120 жылдығына арналған «Марғұлан оқулары – 2024» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырады.
 
1989 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Марғұлан оқулары» археология саласындағы дәстүрлі конференцияның бірі. Конференция ғылыми қауымдастық арасында далалық зерттеулер қорытындысымен бөлісетін, талқыға салатын, ежелгі және ортағасырлық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау саласында ғылыми әріптестікті кеңейтетін, халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын алаңға айналды. 

Конференция Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің ғылыми жобасын орындау аясында өткізіледі.

2024 жылғы конференция жұмысында 117 ғылыми баяндама тыңдау жоспарлануда. Конференция жұмысы келесі басты бағыттар бойынша жүзеге асырылады: 
•    Академик Ә.Х. Марғұлан және оның Қазақстандағы ғылымның қалыптасуы мен дамуындағы үлесі;
•  Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеу: жаңа материалдар және оларды 2023 жылғы далалық ізденістер нәтижелері бойынша апробациялау;
•    Тас дәуірі  ескерткіштерін зерттеудегі келелі мәселелер және перспективалары;
•    Ежелгі метал дәуірі: кешендерді мәдени сәйкестендіру және кезеңдеу мәселелері; 
•    Еуразия мәдени кеңістігіндегі ерте көшпенділер;
•    Ортағасырлық археология: қала және дала өркениеті;
•    Археологиялық зерттеулердегі пәнаралық тәсілдер: дәстүрлі әдістеме және заманауи технология;
•    Ежелгі және дәстүрлі қоғамды этноархеологиялық зерттеу;
•    Қазақстаннның археологиялық ескерткіштері: тарихи-мәдени мұраны сақтау, қалпына келтіру және пайдалану мәселелері.

Конференция жұмысына еліміздің жетекші ғалымдары, сондай-ақ, Франция, Польша, Ресей, Белорусь, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркменстан және Армения ғалымдарының тікелей және қашықтан қатысуы күтілуде. 

Конференция форматы 2023 жылы жүргізілген далалық археологиялық зерттеулердің қорытындысы және оған дейінгі ғылыми ортаға таныстыруға қажетті материалдар бойынша баяндаманы тыңдау және оны талқылауды қарастырады. Сонымен қатар жаңа зерттеу әдістерін қолдану, археология ескерткіштерін пәнаралық зерттеу, оларды қорғау, ғылыми және мәдени өмірдің әртүрлі салаларында пайдалану мәселелерін қозғайтын баяндамалар қызығушылық тудырады. 

Конференция аясында академик Ә.Х. Марғұланның туған жері Баянауылда көшпелі сессия өткізу және Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы археологиялық ескерткіштерді тамашалау жоспарлануда. 

Конференцияның өтетін орны:  
Павлодар қ, Олжабай батыр көшесі, 60 құрылыс,
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті

Іс-шараның басталуы: 23 мамыр, сағ. 10.00. 

Байланыс үшін:  
Абеуова Еңлік Қабыкенқызы, +7 705 707 40 82 E-mail: enlik.abeuova@mail.ru 
Айдын Жунисханов + 7702 412 4730 E-mail: mail@archeo.kz 
Татьяна Николаевна Лошакова, +7 777 5646324. E-mail: margulan_conf@archeo.kz
 


Конференция бағдарламасы / Программа конференции