Павлодар өңірінде ерте темір дәуірі ескерткіштері зерттелді
07 Қаз 2024
ҚР Ғылым және жоғары білім министрілігінің «Мәдени-тарихи үрдіс контекстіндегі Солтүстік Қазақстан: тас дәуірінен бастап этнографиялық бүгінге дейін» жобасын жүзеге асыру аясында 2024 жылдың далалық маусымында сақ дәуірімен мерзімделетін Аршалы археологиялық кешенінде зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Қазба жетекшісі Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Жанболат Утубаев.
Археологиялық кешен Павлодар облысы Май ауданындағы Аршалы тауының шығыс бөктерінде орналасқан. Дала жұмыстары барысында қорымның толыққанды топографиялық түсірілімі жасалды. Бұл ескерткіштің орналасу жоспары мен құрылымын дәл анықтауға мүмкіндік берді. Алдын-ала қортындылары бойынша сақ дәуірімен мерзімделетін қоныспен жерлеу орны зерттелді.
Аршалы-2 қонысының аумағы 5000 ш.м. жерді алып жатыр. Қоныста 3 тұрғын үй бар. Оның екеуі қоныстың орталық бөлігінде орналаса, біреуі қоныстың ОБ бөлігінде, тауға жақын орналасқан. Биылғы маусымда аумағы 144 ш.м.ге тең болатын №1 құрылысқа қазба салынды.
Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде құрлыстың сыртқы қабырғалары ірі тастардан салынған 7 бөлмеден тұратын дөңгелек жоспарлы үй екендігі анықталды. Кіре беріс ауызына көлденең жалпақ тас қойылған. Жоғарыда аталған 7 тұрғын үй құрлысынан барлығы 9 бағана шұңқырлары табылды. Сондай ақ, 50-ге жуық тас құрал мен ерте темір дәуіріне тән өрнектері бар қыш ыдыс бөліктері табылды. Дөңгелек жоспарлы үйлер сақ уақытымен мерзімделетін Орталық Қазақстан (Түйетас қонысы) және Жетісудың (Бұтақты-1 қонысы) қоныс материалдарынан белгілі.
Сонымен қатар, қоныстан 300 м оңтүстікке қарай жотаның үстінде орналасқан жерлеу орнында қазба жүргізілді. Диаметрі 8 м, биіктігі 0,10 м болатын оба тас аралас топырақтан тұрғызылған. Зерттеу барысында айқастырла қойылған екі жерлеу шұңқыры анықталды. Төменгі шұңқыр батысқа бағытталса, кейінгі шұңқыр оңтүстік-батысқа бағытталған. Сондай ақ, жерлеу шұңқырларынан солтүстік-батыста диаметрі 90 см болатын құрбандық шұңқыр аршылды. Шұңқырдан қыш ыдыс бөліктері табылды.